• Пн. Май 20th, 2024

REVIZORRO

БАҚЫЛАП КӨРЕЙІК — ДАВАЙТЕ ВЗГЛЯНЕМ

Жас та болса бас болған полицей.

Автор:REVIZORRO

Июл 25, 2019

Бұл мақала 2013 жылы ғана Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы Академиясын бітірген. Қызмет жолын 2013-2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласынан бастаған, бес жылда еңбегімен бес белесті бағындырған қазір Түркістан облысы Полиция департаментінің Кентау қалалық полиция бөлімінің басшысының орынбасары Досжан Бекжанұлы Нұсқабековтың өмірі мен қызмет жетістіктеріне арналып отыр.

Қылмыспен бетпе-бет келу.

Досжан Бекжанұлының полициядағы еңбек өтіліне бар-жоғы 5-ақ жыл болыпты, бірақ осы бес жылда қаншама ұйымдасқан топтың қылмысын ашқан. Бұл 2015 жыл еді. Досжан ол кезде Әл-Фараби ауданында тергеуші, жеке адамның мүлкін ұрлауға қарсы тергеу бөлімінде қызмет атқарып жүрген. Шымкент қаласында автокөлік ұрлау жәйті жиіліп кетті. Осы қылмысты ашу жас полицейге сеніп тапсырылды. Үнемі «Опел-Вектра» көлігі қолды болады, бірақ табылар емес. «Ұрлықтың-соңы бір-ақ тұтам» дегендей күндіз-түні сабылып іздеген жанқиярлық еңбектің нәтижесінде қылмысқа күдікті Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды. Күдіктілер ұрланған автокөлікті Төлеби ауданындағы сыбайлас «кастопрапқа» өткізіп отырған, олар автомашинаны мүлдем басқа түске бояп, түр-түсін өзгертіп жібереді екен. Осындай 33 автомашина ұрланып, әр түрлі жалған құжаттар жасалу арқылы сатылып отырған. Жас полицей бастаған тергеу тобыс сабылып іздеген қылмыскерлерді құрықтаған. Иә, бұл жас полицейдің жүргізген істерінің ішіндегі ең күрделісі еді. Ойлаңызшы, отыз үш автокөліктің жәбірленуші иелерімен жүргізілген жұмыс, олардың айғақтары мен өтініштері, куәлардың мәліметтері, қылмысқа күдіктілердің топтасқан тобын, сыбайластарын анықтау, мойнына қою, бұлтартпас шаралар қолдану, басқа бөлімдердің жедел іздестушілерімен, криманилистермен іске қатысты жүргізген жұмыстарын зерделеу, есепке алу сияқты жұмыстарды ізін суытпай жедел жүргізу қиынның қиыны, шыдағанға шығарған қызмет еді. Досжан жүргізген екінші қылмысты істі ашу-алаяқтыққа қатысты болатын. Күдікті бұрын ішкі істер органдарында қызмет атқарған полиция майоры болған әйел адам. Бір өзі 40-тан астам алаяқтық іс жасаған. 40-тан астам алаяқтық жасаған алаяқ кім дейсіз ғой, жоғарыда айтқандай полиция ардагері. 40-тан астам алаяқтықтың әр түрлі мотивпен жасалғандығы таң қалдырады. Оның ішінде кезексіз үй әперемін, нашар тар үйді кең, жақсы пәтерге ауыстырып беремін, ұл қызыңызды оқуға түсіріп, грантқа ауыстырып

беремін, қызметке, жұмысқа тұрғызамын, ала алмай жүрген, өндіре алмай жүрген қарызыңызды өндіріп беремін деген сияқты «уәделерден» тұрады. Психолог, сөзшең, адамдардың басын «шыр айналдыратын» қабілетті. Бірақ осыншама жетістігі мен қабілетін жұртты зар илетіп, қан-қақсатуға арнаған, жүзіктің көзінен өткен жылпосты жас поицей ақыры мойындатып, күдікті ретінде қолға түсірді. Мәліметтерге сүйенсек, «үй алып беремін», «жер алып беремін»- деп адамдардың сеніміне кіріп, ақшаларын жымқырып, ақыр аяғында тақырға отырғызып кететін алаяқтық қылмыстың басым бөлігін әйелдер жасайды.

Қызметтегі белес.

Досжан Шымкент қаласындағы тергеушілік жұмысынан Сарыағаштағы тергеушілік қызметке, одан 2015 жылы қайтадан Шымкент қаласына шақыртылып, облыстық Ішкі істер департаментінің анықтаушы қызметіне, Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің наркотикалық құралдарды заңсыз айналымға түсіруге қарсы және кісі мүлкін ұрлауға қарсы тергеу бөлімінің аға тергеуші қызметтерін үлгілі атқарып, 2015-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы Әділет Академиясының магистрі, сонан соң Шымкент қаласындағы Ішкі істер басқармасында аға анықтаушы, 2018 жылдан Түркістан облыстық Ішкі істер департаментінде Ерекше маңызды істер жөніндегі аға тергеуші, ал осы жылдың 10 қазанынан Кентау қалалық полиция бөліміне полиция басшысының орынбасары әрі тергеу бөлімшесі бастығы қызметіне жоғарылатылды.

Шымкентте ашқан көлік ұрлығының 33 жәйтіне байланысты қылмысты ашқан қызметі мен алаяқтыққа байланысты 40 жайтты тергеп, сотқа жолдаған еңбектері 2015 жылы атқарған облыстық департамент бойынша 3 үздік жұмыстардың қатарына еніп, басшылар тарапынан жоғары бағаланып, марапатқа, алғысқа бөленді.

Халқымыздағы «Алғыспен ер көгерер» деген ұлағатты алғысы осы болса керек. Алғысқа бөленген, қатары мен өзінен кейінгілерге өнегелі өмірімен, абыройлы қызметімен үлгі болған жас полицейдің отбасына, оны тәрбиелеген ата-анасына да тоқталып кетуге енді кезек келген сияқты.

Жас маман және қоғам.

«Жақсы бала ата-анасын алға сүйрейді, жаман-бала көрге сүйрейді»,-дейді халық даналығы. «Жақсы бала атадан оза туар» деген де сөз бар халқымызда.

Осындай ұлды тәрбиелеген ата-анасының да тәрбиесі, ұлағатты өнегесі-ұрпақ қалыптастыруда ерекше орын алады. «Баласы бәйгеге шапса, ата-анасы тақымын қысып отырады» демекші, өсіріп-тәрбиелеп, қияға ұшырып қана қоймай, үнемі ұрпағының қатарынан қалмай, қанаты талмай самғап ұша беруіне тілектес болып, тілеуін тілеп отыратын ата-ананың балаға деген сарқылмас махаббатының орны бөлек қой, шіркін!

Кейіпкеріміздің әкесі Жүнісбеков Бекжан Нұсқабекұлы полиция подполковнигі болған зейнеткер. Досжан көп балалы отбасында тәрбиеленген бес баланың бірі. Ағасы Есжан Бекжанұлы, тергеуші, полиция капитаны болса, інісі Бексұлтан да тәртіп сақшысы, аға лейтенант. Бір отбасыдан төрт тәртіп сақшысы шыққан халық қорғандары. «Отан отбасынан басталады» дегендей Отанды сүю-ошақ қасынан басталатыны рас. Себебі, отбасы-бала тәрбиесінің ең алғашқы ортасы. Баланың ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады. Сондықтан да ата-ананың жылуы жүрегіңде ұзақ сақталып, есіңде жүреді. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілік мінез-құлқын қалыптастырудағы алғашқы баспалдақ болып табылады.

«Адамның мінезін өзгертуге болмайды деген адамның тілін кесу керек» деген Хакім Абай. Ата-ана қалыптастыра алмаған кемшілікті мектептегі ұстаздар, қызметтегі әріптестер, қала берсе қоғам қалыптастырады. Тек қана жаманнан жиреніп, жақсыдан ғибрат, өнеге ала біл. «Алып-анадан туады» дейді дана халқымыз. Тек алып емес, ғалым да данышпан да анадан туады, сондықтан да «Жұмақ ананың табанының астында»- десе керек. Осыншама полицей шыққан отбасының ұйытқысы, аяулы анасы, Оразбаева Айгүл Нышанбайқызының, Досжан Бекжанұлының тәрбиесіндегі орны бөлек.

Ал сынып жетекшісі Алла Оразқызының ұлағатты еңбегін өмір бойы құрметтейді. Содан кейінгі қызметтегі тәлімгерлерінің орны ерекше. Өйткені «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деп бекер айтпаса керек. Қызметтегі тәлімгері полковник Бекбердиев Өмірбек ағаның, майор Сейдәлиев Мұхтар ағалардың қызмет жолындағы ақыл-өсиеттері, жеке бас өнегесін қалай құрметтемейсің-деп еске алады жас маман.

Міндетің – айнымас бағдаршамың.

Қызметтегі жауапкершілік өзіңе тиісті міндеттің қыр-сырын білуден басталады. Ал оны білу маманның өзіне ғана қатысты емес, полиция өмірінің, қызметінің ашықтығын талап етіп, оның халықпен тығыз байланысты болып, қоян-қолтық араласуын қажет етіп отырған реформаны

іске асыруда да аса қажет полиция міндеттерін жариялау ешбір құпия емес, қайта халықпен араласудың төте жолы болмақ. Осы тұрғыдан қарағанда аудандық полиция бөлімінің орынбасары міндетін абыройлы атқарып келе жатқан Досжан Бекжанұлының да берік ұстанар, бағдаршам етер міндеттері бар. Олардың бастылары мыналар: Қылмыстарды тергеу, жұмыстың жоспарларын орындау, кәсіби шеберлікті арттыру кезінде басқа қызметтердің қызметкерлерімен өзара іс-қимыл жасасу мәселелері бойынша басшылар мен тергеушілерді тыңдау. Кентау қаласының Полиция бөлімінің Тергеу саласы қызметкерлерінің және сотқа дейінгі тергеудің бағынысты органдарының қызметін үйлестіруді жүзеге асыру және бақылау, оларға жүктелген міндеттерді орындауды қамтамасыз ету. Тергеушілердің олардың өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша іс-әрекеттерінің уақтылы орындалуына, тергеушілердің тергеудің және қамауда ұстаудың мерзімдерін сақтауына, прокурордың нұсқауларын, заңнамада белгіленген жағдайларда тергеушілердің тапсырмаларын орындауына бақылауды жүзеге асыру. Тергеуді ұйымдастыру мәселелері бойынша қалалық, аудандық, желілік органдарының, Ішкі істер департаментінің басшылығымен өзара іс-қимыл жасасу. Тергеушілердің ішкі істер органдарының тергеуде болуына жатқызылған қылмыстарды жасау туралы хабармала бойынша оқиға орындарына уақтылы шығуын қамтамасыз ету. Қылмыстарды тергеу және қылмыстық істер бойынша процестік шешімдерді қабылдау кезінде қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама нормаларының сақталуын бақылау. Криминалистика қызметінің басшысымен бірлесіп, оқиға орындарынан алынған іздерді және басқа да заттай дәлелдемелерді пайдалану практикасын талдау, тергеу жұмысының нәтижелері және тергеудің ұйымдастырылуына қатысты жекелеген мәселелер бойынша бөлімдер бастықтарының есептерін тыңдау. Тергеу бөліністерінің жеке құрамы арасында сыбайлас жемқорлықтың профилактикасы және оған қарсы іс-қимыл жасау бойынша тиісті шаралар қабылдау. Тергеу қызметтерінің Ішкі істер органдарының басқа қызметтерімен, қалалық, облыстық прокуратурамен, сотпен, әділет басқармасымен, тағы басқа тергеу жұмысы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасасуды қамтамасыз етуді ұйымдастыру сияқты 49-дан астам міндет жас маманның қызмет ауқымының соншалықты жауапты екенін көрсетеді.

Тобықтай түйін.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген Хакім Абайдың сөзі Ел болашағы жолында аянбай еңбек етіп, халық сенімін арқалаған, антқа адал, көңілдері кіршіксіз, болашағынан зор үміт күттіретін жастарға

қарап айтылса керек. «Ел қорғаны ғана емес, үнемі қарапайым халықтың қамқоршысы болып жүре бер» -деген ізгі ниет білдіреміз жалындаған жас маманға!

Балтакесті Өтебеков, Қазақстан журналистер

одағының мүшесі.

Түркістан облысының Полиция департаменті баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Открыть чат
revizorro.kz whatsapp
Сәлеметсіз бе?
Здраствуйте?